Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЫСТАНБҰЛДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МИССИЯСЫ ӨТТІ

Ыстанбұлда Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы өтті. Шара еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі,  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігі, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Түркияның сауда палаталары мен биржалар одағының қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігінің фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланған  мәлімет бойынша, сауда миссиясына қазақстандық және түрік компанияларының 150-ден астам өкілдері қатысты. Соның ішінде 30 қазақстандық өңделген өнім экспорттаушысы болды.

Сауда миссиясы барысында Қазақстанның экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ, елдегі бизнес жүргізу тәртібі, экспорттаушылар мен шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен жалпы сауда жүргізуді ынталандырудың түрлі құралдары туралы баяндамалар жасалды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы сөйлеген сөзінде Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық әрі басты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Елші екі жақты сауданың 1992 жылғы 30 миллион АҚШ доллары көрсеткішінен бүгінгі таңда 2 миллиард долларға жетіп отырғанын айтып кетті.

Сонымен қатар, А. Сапарбекұлы тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына 3,8 миддиард доллар шамасында инвестиция құйғанын және қазіргі таңда Қазақстан экономикасының түрлі салаларында түрік капиталының қатысуымен 2200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын айтты.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрлігінің Жауапты хатшысы Мереке Пшембаев өз сөзінде Қазақстанның Түркияға ауыл шаруашылығы, ет өнімдері, метал және метал өнімдері, химия өнеркәсібі өнімдері, машиналар мен құрылғылар, дәрі-дәрмек, азық-түлік және т.б. салалардың ең перспективалы 47 тауарлық өнімін жеткізуге дайын екендігін мәдімдеді.

ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының Төрағасы Абылай Мырзахметов ашылу сөзінде түрік кәсіпкерлерін инвестициялық ынтымақтастыққа шақыра отырып, Қазақстан арқылы Ресей және ЕАЭБ нарықтарына шығуға болатындығын және Қазақстандағы инвестициялық ортаның аймақтағы ең тиімді екенін алға тартты.

Сауда миссиясы шеңберінде Қазақстан және Түрік кәсіпкерлері арасында В2В форматында екі жақты келіссөздер өткізіліп, соның нәтижесінде бірқатар қазақстандық өнімнің түрік нарығына шығарылуы бойынша келісімдерге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, іс-шаралар аясында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстан-Түркия біріккен палатасының алғашқы отырыстары өткізілді. Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше болып табылатын бұл палата мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері арасындағы экономикалық байланысты нығайтуды және екі ел арасындағы тауар айналымының өсуін көздейді.

Қазақстан-Түркия біріккен палатасының алғашқы отырысында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы сөйлеген сөзінде бұл палатаның Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 13 қыркүйекте Анкараға жасаған сапары барысында құрылғанын және екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты ынталандыру және нығайтуды көздейтінін атап өтті.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала