Валюта бағамы
USD - 382.56
EUR - 426.48
RUB - 5.84

АҚШ ҚАЗАҚСТАНҒА 2005 ЖЫЛДАН БЕРІ ШАМАМЕН 40 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЙҒАН

Көріністер: 21
Ad

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сындарлы диалогтың жалғасы ретінде, Астана экономикалық форумның қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрлігінде «Бәсекеге қабілетті Қазақстан» 3-ші жыл сайынғы қазақстандық-американдық бизнес-форумы өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

Бұл іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, елдің басқа да мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. Америкалық тараптан АҚШ Елшілігі, Шетелдік жеке инвестициялар корпорациясы (ОПИК), сондай-ақ 28 ірі америкалық компаниялардың басшылары, оның ішінде «Coca Cola», «Gilead», «HP», «Microsoft», «Valley Irrigation» және т.б. қатысты.

Аталмыш алаңда Қазақстан Үкіметінің елдегі іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту бойынша, оның ішінде шетелдік инвесторлармен жұмыс үшін бірыңғай экожүйені құру бойынша қабылдаған шаралармен, сондай-ақ отандық экономиканы жаңғырту, әртараптандыру және цифрлау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысымен танысу мүмкіндігі ұсынылды.

Форум ұйымдастырушылары, ҚР Сыртқы істер министрлігі және халықаралық өзара түсіністік жөніндегі Іскерлік кеңес («BCIU») екіжақты әріптестіктің жаңа перспективті бағыттарына баса назар аударды, тараптар индустриялық және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау, АӨК, ақпараттық технологиялар, сандық жүйеге көшу, аэроғарыштық өнеркәсіп және энергетика сияқты маңызды салаларда ынтымақтастықты жандандыру жолдарын талқылады.

«Елдің жаңа басшылығы саяси және экономикалық бағдардың сабақтастығын сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайту бойынша шараларды жоспарлы түрде іске асыруға ниетті. Қазақстан Америка Құрама Штаттарының инвестициялық мүмкіндіктерін белсенді қолдануға қызығушылық білдіреді. Инновация және озық технологиялар саласындағы америкалық көшбасшылығын ескере отырып, Қазақстан америкалық тараптың алдыңғы қатарлы білімі мен озық тәжірибесін тартуға мүдделі», - деді Б. Атамқұлов.

Сыртқысаяси ведомство басшысының айтуынша, елорда және ҚР-дың басқа ірі қалалары инвестициялар тартудың негізгі «магнитіне» айналды. Бұл тұрғыда, дамыған инфрақұрылым және қызметтер саласы бар Нұр-Сұлтан қаласында шетелдік инвесторлар өздерін өте жақсы сезінеді. Мемлекеттің барлық аумағында Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктер табысты жұмыс істеуде. Өз тарапынан ҚР СІМ экономикалық және инвестициялық жобаларды толықтай қолдауға дайын.

Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі биылғы қазақстандық форум Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы коммерциялық уағдаластықтарды және жобаларды іске асыру барысын талқылау үшін пайдалы алаңға айналғаны сөзсіз.

АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар құру туралы мәселелер АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісім жөніндегі кеңестің аясында тұрақты негізде талқыланып келеді.

28 жылдың ішінде екі елдің арасында 70 мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық шартқа қол қойылды.

Соңғы жылдары АҚШ-тан біздің елге бағытталған тікелей инвестициялар ағынының жоғары қарқыны байқалды, өткен жылы олардың көлемі 5,3 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 44,7% артық (3,6 млрд. АҚШ доллары).

Құрама Штаттардан республиканың экономикасына бағытталған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 2005 жылдан бастап санағанда шамамен 40 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда американдық капиталдың қатысуымен шамамен 524 компания жұмыс істейді, олардың 141 компаниясы бірлескен кәсіпорындар болса, 41 компаниясы тауар өндірумен және 37 компаниясы өнімді басқа елдерге экспорттаумен айналысады.

Өткен жылы екі мемлекеттің арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд. астам АҚШ долларын құрағанын еске саламыз. Қазақстаннан АҚШ-қа бағытталған экспорттың көрсеткіші 956 млн. АҚШ долларына жетті, ал АҚШ-тан Қазақстанға бағытталған импорт 1,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала