Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

БҮГІН ТҮРКИЯДАҒЫ МҰСТАФА КЕМАЛ АТАТҮРІК БАСТАҒАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КҮРЕСКЕ 100 ЖЫЛ БОЛДЫ

Бүгін 19-мамыр бауырлас Түрік Елінде Ататүрікті еске алу, жастар және спорт мерекесі. Дәл бүгін сондай-ақ Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің басталуына 100 жыл толды. Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыста жастар басым болғандықтан 1938 жылдың 20 маусымы күні 19 мамырды Жастар және спорт күні ретінде белгілеу туралы заң қабылданды.

Осы тарихи датаға орай ҚазАқпарат халықаралық агенттігіне Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уяныктың осы тарихи оқиғаға қатысты сондай-ақ Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың  жырына қатысты пікірі шықты.

Онда былай делінген: «Қазақтың қайсар рухты ақыны Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» атты тарихи өлеңін ХХ ғасырдың басындағы Түркияның тағдырына алаңдап жазған. Бүгін Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің басталуына 100 жыл толды. 1919 жылдың 19 мамырында Мұстафа Кемал  Самсунға инспектор ретінде  аттанып, сол жылдың жазында-ақ Одақтас елдердің басқыншылығына қарсы  түріктердің  ұлт-азаттық  көтерілісін бастады. Осман империясының бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, Ыстамбұл Антанта одағының қолына өтіп, капитуляция шарты бойынша ел армиясы толық таратылып, қарусызданып жатқан шақ болатын бұл. Түрік тәуелсіздігіне қауіп төнгенін жар салып, Осман армиясы қатарынан  кеткен Ататүрікті ел қолдағанымен, Сұлтан билігі  аяқтан шалып, тіпті сыртынан өлім жазасына кеседі. Іштегі күрестен де қауіпті соққыны солтүстік-шығыста армяндар,  батыста гректер ұдайы қайталап жатты. Антанта үштігінің капитуляция шартын  желеу етіп тізеге салуы да жаңа  бағытқа бет бұрған түрік жұртына ауыр тиді. Осындай қиын-қыстау шақта  рухты ақын Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» атты өлең жазды. Жаулары жан-жақтан анталаған түрік жұртының тағдырына алаңдап жазылған бұл тарихи өлең бауырлас екі елдің достық ұранына айналған. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен шарада айтқан.  «Тамыры мен тарихы бір бауырларымыздың да сол кездегі халқымыздың қанды шайқастарын, оның ауыр шарттары мен тәуелсіздік аңсарын жүректерімен сезіне білген. Қазақтың дара ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты өлең шумақтарында бауырларымыздың бізге деген жанашырлық сезімдері көрініс тапқан еді» - деді Түркия елшісі. Бауырлас түрік жұрты үшін айтулы саналатын тарихи күнге орай ҚазАқпарат тегеуірінді ақынның достық ұранына айналған өлеңін ұсынған.

Алыстағы бауырыма

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым,

Қамаған қалың жаудың ортасында

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

 

Алдыңда ауыр қайғы жатқан бауырым,

Өмірі жапа шеккен жаттан бауырым.

Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,

Тірідей терің тонап жатқан бауырым.

 

Апырмай, емес пе еді алтын Алтай –

Анамыз бізді тапқан асау тайдай!

Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,

Жүзіміз емес пе еді жарқын айдай!

 

Алалы алтын сақа атыспап па ек,

Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек.

Алтайдай анамыздың ақ сүтінен

Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек.  

 

Тұрмап па еді, біз үшін мөлдір бұлақ

Сылдырап, сылқ-сылқ күліп, таудан құлап.

Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,

Тілеген бір-бір тұлпар бейне пырақ!  

Алтайдың алтын Күні еркелетіп,

Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап қалдың кетіп.  

 

Мен қалдым - жас балапан қанат қақпай,

Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.

Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,

Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай.

 

Қорғасын жас жүрекке оғы батты,

Күнәсіз таза қаным судай ақты.

Қансырап, әлім құрып естен тандым,

Қараңғы абақтыға берік жапты.

 

Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,

Күндіз - Күн, түнде - күміс нұрлы Айды да.

Ардақтап, шын жібектей арайға орап

Өсірген алтын анам - Алтайды да.  

 

Апырм-ай, айрылдық па қалың топтан,

Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан.

Түріктің жолбарыстай жүрегінен

Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан.  

 

Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны,

Шынымен ауырды ма бітіп халі?!

От сөніп жүректегі, құрғады ма

Қайнаған тамырдағы ата қаны?!  

 

Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз.

Біздің атқа Лайық па құл боп тұру?

Кел, кетелік Алтайға, ата мирас, алтын таққа!

 

 

 

Сурет QHA сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала