Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

АТАЖҰРТҚА ТАҒЗЫМ

Сұлтан Дәулетханның «Атажұртқа тағзым» деп кітабының атауы айтып тұрғандай бала кезден атажұртқа аңсары ауып, махаббаты ерте оянды. Себебі, ол Моңғолияның Бай-өлке қаласында дүниеге келді. Еліміз егемендік алған бетте тарихи Отанға оралып, мектебін бітіріп, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетіне оқуға түсті. Оны үздік аяқтаған соң өзі түлеген ұшқан оқу орнында біраз оқытушылық етті. Кейін Қарағандының Бұқар жырау ауданына қарасты Тоғызқұдық ауылына тартты. Қазір сондағы орта мектепте директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы.

Жастай ерекше арынымен, өзіндік мәнерімен көрінген Сұлтан Дәулетхан республикалық деңгейде де өзін мойындатқан ақын. 2015 жылы Жұмабек Тәшенов атындағы облыстық байқауда «жылдың үздік жазушысы» атағын алған болатын. Ақселеу Сейдімбек атындағы облыстық әдеби байқаудың бірінші орын иегері. Былтыр Қасым Аманжолов атындағы республикалық байқауда арнайы жүлде алды. Республикалық «Ауылым — алтын тұғырым» әдәби байқауында А.Байтұрсынұлы атындағы жүлдеге лайық көрілді. Сонымен қатар, Астанада өткен «Қасиетті Қазақ елі» атты халықаралық фестивальдің дипломаты.

Атажұртқа келіп, азаматтық алғалы сан жыл өтсе де ақынның елге, жерге деген сағынышы бір сәт те басылған емес. Жауһар жырлары арқылы Атажұртты асыл тұмар етіп баршаның мойынына тағады. Оның сыртында нәзік сезімдерімен көмкерілген әдемі лирикалық өлеңдері де жаныңыздың нәзік қылдарын шертеді. Қымбатты оқырмандар, Сұлтан ақынның түрлі тақырыптарды қамтыған су жаңа кітабына енген жырларының бірін сіздерге де  тәбәрек етіп ұсынғанды жөн көрдік.   

 

 

 

Атажұртқа тағзым

 

Боздақтарымның қан, тері төгілген далам,

Аманат жетті жолдаған көгіңнен маған.

 

Бек ұлдарыңдай тәрк етер додада барын,

Азаттығыңа менің де садаға – жаным.

 

Бақыты үшін халқының түнекте қалған,

Арыстарымның ақ серті – жүрекке қорған.

 

Бабаларымның өр рух, арманыменен,

Алашқа қалған байтақ жұрт – ардағым ерен.

 

Басқыншылықтың талайын өткерген бастан,

Аярым да жоқ! Тұрандай текті елден асқан.

 

Бұғау заманда қуғынмен жыраққа кеткен,

Абақ Керейдің ізімін мұратқа жеткен.

 

Би-шешендерімнің қанығып сөзіне шырын,

Абыз даламның танытам шежіре сырын.

 

Бір Алла жар боп, мейір мен шапағын төккен,

Алтыннан қымбат әр күнім Отанымда өткен.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала