Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Дәурен АБАЕВ: Ұлы даланың, Ұлы ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaq radiolary» ЖШС-нің  «Дала фольклорының антологиясы» атты жинағының тұсаукесеріне байланысты брифинг өтті. Руханиятымызға қосылған бірегей жоба Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.

Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директоры Әбіл Жоламанов пен еңбек сіңірген қайраткері, ақын  Аманжол Әлтаев және «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали қатысты.

Аталған жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.

Айта кетейік, ұлттың үнжариясы – Qazaq радиосында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен барлығы 350 хабар дайындалған болатын. Ал, кейіннен «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, әр жылдары жазылған таспалар қайта топтастырылып шықты.

Сондай-ақ, «Алтын қорда» сақталған еліміздің белгілі жыршы-термешілерінің орындауындағы 2015 жылы қайта үнтаспаға жазылған батырлар жырының 50 нұсқасы кірді.

Ежелден келе жатқан ұлтымыздың төл өнерінің бірі – айтыстың 1960 жылдан бері сақталған  10 шығарылымы, 1950 жылдан бастап сақтала бастаған, «Салт-дәстүр» атауымен берілген - «бата», «беташар», «сыңсу», «жар-жар», «жоқтау», «жарапазан», «бесік жырлары» сынды жәдігерлер де жинаққа енгізілді.  

Сонымен қатар, жыл басынан бері «Qazaq радиосы» мен «Shalqar» радиосының эфирінен «Дала фольклорының антологиясы» атты арнайы бағдарлама тыңдарманға жол тартқан болатын.

Халқымыздың өмірін бейнелейтін, қиял-ғажайып негізге құрылған құнды шығармалар осылайша жалғасын таппақ.

Дәурен АБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

 

Біз бүгін «Дала фольклорының антологиясы» деп аталатын ерекше жобаны сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.  Бұл антология біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте құнды жәдігерге айналатыны белгілі. Жүз жылға жуық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған рухани мұрамызды жарыққа шығару да өте маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы осы екі томдық ауқымды жинақты шығаруға түрткі болды. Мақалада: «Бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» делінген. Ең алдымен бұл жоба арқылы балаларымыздың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз. Ұлы даланың, Ұлы ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды.

Өйткені біздің ертегілерімізде, батырлар жырында аңыз-әфсаналар арқылы ұлттың мұраты, бабалар аманаты, даланың кеңдігі, қазақтың дархан да жауынгер болмысы бейнеленген.

«Дала фольклорының антологиясы» жинағының тағы бір ерекшелігі - бұл кітаптың ішіндегі арнайы дисклерге жинақталған әндер, алғашқы орындаушылардың үнімен түпнұсқа қалпында еніп отыр.

Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылды.

Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың «Балқадишасы», «Дударайы», «Жалғыз аршасы» мен «Бесқарагері» бар. Кенен Әзірбаевтың «Көкшолағын», «Бозторғайын», «Бұлбұлға» және «Домбырасын» тыңдай аласыздар. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз әнші-жыршылардың әндері де осы жинақта сақталды.

Тағы да басқа таңғажайып әнші-жыршыларымыздың өз дауыстарымен орындаған әндерін де осы жинақтан табасыздар.

Сондықтан бұл антология жан-жақты насихатталатын болады. Осындай құнды жәдігерлер, керемет рухани мұра «Алтын қорда» сақталып қана жатпай ұлт үшін, келешек ұрпақ мүддесі үшін қызмет етуі қажет.

Осы мақсатта – «Алтын қор» деп аталатын арнайы сайт та құрылмақшы. Сол интернет портал арқылы, еліміздегі ғана емес, өзге мемлекеттерді мекендеп жатқан қалың қандастарымыз да, қазақ фальклорын зерттеп жүрген шетелдік мамандар да өзіне керек деректі алуға мүмкіндік болады.         

  Осы антологияны құрастырған, үлкен еңбек еткен шығармашылық ұжымға, Қазақ радиосының басшылары мен қызмкеткерлеріне көп алғыс айтқым келеді.

 

 

Құрманбек ЖҰМАҒАЛИ, «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры:

-«Дала фольклорының антологиясы» Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жариялана салысымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен  қолға алынған Қазақстан телерадиокорпорациясы  «Қазақ радиоларының» іргелі жобаларының бірі. Аудиожинақты шығару үшін арнайы топ құрылып, «Алтын қорымызда» сақталған рухани жәдігерлер бойынша жинақ әзірлеуге кіріскен болатын. Туындының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі мен мән-маңыздылығына Дәурен Әскербекұлы кеңінен тоқталып өтті. Мен өз тарапымнан төл туындымыз - қажырлы еңбек пен ұжымдық жұмыстың арқасында жарық көргенін атап өткім келеді.

Антология-еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі аудиторияны қамтиды. Өйткені жинақ 7 бөлімнен тұрады. Ертегі, батырлар жыры, әндер, күйлер, айтыс, салт-дәстүр, атадан қалған асыл сөз атты бөлімнен кез-келген адам өзіне рухани азық алады. Қазақ радиосының «Алтын қорында» 1959 жылдан бері  «Ертегі» айдарымен 350 хабар дайындалған. Кейін олар «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, әр жылдары жазылған таспалар қайта   топтастырылған. «Ертегі» айдарымен 70 қазақ ертегісі енді.

Батырлар жырының 50 нұсқасы 2015 жылы термеші Ақан Әбдуәлінің ұйымдастыруымен еліміздің белгілі жыршыларының орындауында қайта үнтаспаға жазылды. Соның бәрі «Дала фольклорының антологиясы» жинағына еніп отыр. «Батырлар жыры» айдарымен 19 жыр енді, оның ең қысқасы 20 минут, ұзағы – 1 сағат.

 

Күйлерді «Төкпе күй», «Шертпе күй», «Қобыз күйлері», «Сыбызғы күйлері»  деген атаумен топтастырып ұсындық.  «Күй» айдарымен 160 күй енді.

Айтысқа келсек, 1960 жылдан сақталған сапасы жоғары деген 10 айтыс іріктеліп алынды.

«Салт-дәстүрлер» 1950 жылдан бастап таспаға жазылып, сақтала бастапты. «Сыңсу», «беташар», «бесік жыры», «жарапазан» сынды 76 дәстүр түрін осы анталогияда беріліп отыр.

«Атадан қалған асыл сөз» айдарымен берілген шешендік сөздер 2003-2004 жылдары Қазақ радиосы дикторларының оқуында жаңартылды. Ұзақтығы 35 сағат. 100 шешендік өнер үлгісі енгізілді.

 

Аудиожинақ жеке демеушілердің қолдауымен 1000 данасы шығарылады.

 

Радио ұжымы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілері топтастырылған жинақтың көпшілікке қолжетімділігін арттыру мақсатында оның арнайы сайты мен мобильді қосымшасын әзірлеуді де қолға алып отыр. Оны министріміз жаңа атап өтті. Бұл сайтта антологиямен қатар, «Тұлғалар», «Оқиғалар», «Керек дерек», «Балалар әлемі» сынды бөлімдер де орын алады. Және ол үнемі пайдалы контентпен жаңарып тұрады.   

 

Мамыр айының 16-18 күндері аралығында Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде халықаралық конференция өтеді. Оның аясында шетелдік этнограф ғалымдарға «Дала фольклорының антологиясы» таныстырылады. Мақсатымыз жинақты әуелі түркі халықтарының тіліне аударып, қазақ мәдениенітінің кеңінен насихатталуына үлес қосу.   

Әбіл ЖОЛАМАНОВ, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директоры:

 

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деемкші, жақсыны көрмекке келдік. Қуанышты бөліскелі келіп отырмыз. Жалпы, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көптеген міндеттер мен атқаратын жұмыстардың туындағаны белгілі. Солардың бірі де бірегейі осы «Дала фольклорының антологиясын» жасақтау, халыққа кеңінен тарату шарасы болатын. Осы жобаны қолға алып, жүзеге асырғандарға Мәдениет және спорт министрлігі атынан ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

 

Аманжол ӘЛТАЕВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын

Тәуелсіз қазақ мелекеті өзінің экономикалық әлеутімен ғана емес, саяси сарабдал ұстанымымен ғана емес, рухани болмысымен де дүниедегі алдыңға қатарлы елдердің көшінде болу керек деп ойлаймын. Ал біздің рухани кемелденуімізде дала фольклоры ерекше маңызға ие. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңызды мақаласында «әр қаланың, әр халықтың алтын тамырында, тереңнен бастау алатын тарихында рухани коды болады. Жаңаша тұрпатты жаңарған рухани жаңғыруда сол рухани кодымызды сақтай білуіміз керек» деген болатын. Ал біздің рухани кодымызды сақтауда дала фольклоры ерекше маңызды. Әрбір қазақтың баласы, әрбір Қазақстанның халқы өзіннің ұлттық келбетін сақтау үшін, бойына осы дала фольклорын сіңіруге тиісті деп ойлаймын. Дала фольклорын ұлт жүрегіне жолдауда, халық санасына сіңіруде ұлттың үнжариясы Қазақ радиолары ерекше маңызға ие. Өйткені, әрқайсымыз бала кезден бастап, санамыз оянған кезеннен бастап Қазақ радиоларындағы маңызды бағдарламарды бойымызға сіңіріп өстік.

   

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала