Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

УРБАНИЗАЦИЯ – ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ

Қазір әлем бойынша халықтың негізгі бөлігі қалаға көшіп, ауылдағы тұрғындардың саны азаю үрдісі байқалады. БҰҰ болжамына сәйкес, 30 жылдан кейін әлем халқының 6,2 миллиардтан астамы қалаға шоғырланады. Бұл дегеніңіз,  жер шары тұрғындарының жалпы үлесінің 66 пайызын құрайды.

 

 

Әлемдегі урбанизацияның негізгі трендтері

 

Урбанизацияның мемлекет үшін рөлін түсінудегі ең маңызды факторлардың алғашқысы – оның экономикалық өсімді едәуір ынталандыруында. Атақты әлеуметтанушы, жаһандану үрдісін зерттеуші ғалым Саскиа Сассеннің айтуынша, урбанизация мен ЖІӨ арасында тікелей байланыс бар. Екіншіден, кез-келген мемлекеттегі қала халқының саны 5%-ға артқан сайын жан басына шаққандағы экономикалық белсенділіктің өсімі 10%-ға өсіп отырады. Сонымен қатар, болашақта әлем экономикалары емес, ірі қалалар арасындағы бәсекелестік арта түседі деп жоспарлануда. Үшінші факторды айтатын болсақ, дамыған елдерде халықтың төрттен үш бөлігі қалаларда тұрады: Ұлыбританиядағы урбандалу көрсеткіші 83%, АҚШ-та – 82%, Францияда – 79%, Германияда – 75%-ды құрап отыр. Атақты “Климаттың жаңа экономикасы” атты баяндаманың деректері бойынша, Токио қаласының ЖІӨ-і Испанияның ЖІӨ-нен асады, дәл сол сияқты Лондонның жалпы ішкі өнімі Швецияныкінен озып тұр. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, 2030 жылға қарай бар болғаны 600 қалаға әлемжің ЖІӨ өсімінің 60% тиесілі болады. Дегенмен, бұндағы негізі қозғаушы күштер дамушы елдердің қалаларына, қалалық агломерациялары құрайтын болады (Қытай, Африка, Азия).

 

 

Қазақстандағы урбанизация үрдісі

 

Биылғы жолдауда Қазақстанның 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу  тапсырылды. Бұл еліміздегі урбанизацияның жаңа картасына айналатыны анық. Астана мен Алматының қатарына Шымкенттің қосылуы, ішкі миграцияны реттеуге қатысты әрекеттер – урбанизацияға қатысты тың ұстанымның қалыптасқанын көрсетеді. Бірақ, бұл бағытта бірнеше кедергілер бар. Олар: еліміздегі ірі қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындар санының жедел өсіп келе жатқан қарқынына ілесе алмауы мен халықтың қажеттіліктеріне сай келмеуі һәм болашағы жоқ ауылдар санының көбеюі. Осы орайда «урбанизация қазіргі жағдайда несімен маңызды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл процестің халықтың әл-ауқатын арттыруда қаншалықты маңыздылығы бар?

 

Урбанизацияға қатысты бағдарламалар мен әрекеттер

 

Жалпы елімізде урбанизацияға қатысты бастамалар бұрын да көтерілген. Атап айтар болсақ, Президенттің 2014 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Қазақстандағы қала халқын 70%-ға жеткізу мақсаты алға қойылған. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарында белгіленген жеті реформаның бірінде “Қуатты аймақтар мен урбанизация” атты арнайы жоспар бар. Осы реформада көрсетілгендей, елдегі урбанизацияның қарқыны мен қалаларды дамыту елдің тұтастай дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өсімнің маңызды факторлары болып табылады.

“Қуатты аймақтар мен урбанизация”– бұл әр аймақтың экономикалық тұрғыда өздігінен дамуын ынталандыру және тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сапасының теңдігін қамтамасыз етудің алғышарты. Бұл саладағы реформалар әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды және аймақтар арасындағы дисбалансты азайту мақсатында тек ірі қалаларды қамтып қана қоймай, моноқала статусын иеленген елді мекендерге де қатысты болады.

 

Елдегі урбанизацияның негізгі проблемалары

 

Жоғарыда аталған шараларға қарамастан, елдегі урбанизация науқаны тиісті нәтижелерді бере алмай келеді.  Қазақстандағы урбандалу әлі төмен деңгейде қалуда: 2014 жылы әлемдік урбанизация көрсеткіші бойынша Қазақстан 228 елдің ішінде 140-позицияға жайғасты.

Қазақстанның контекстіне келетін болсақ, Астана мен Алматы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп, донор, яғни бюджетке ақша құятын қалалар болып отыр. Бұл тізімге биыл республикалық маңызы бар қала статусын алған Шымкент те қосылуы әбден ықтимал. Өзге әлем елдеріндегідей, бізде де ауыл мен қала халқының арасындағы өмір сапасы және табыс деңгейіндегі айырмашылықтар айқын байқалады. Бұл айырмашылықтың әлі де ұлғаю ықтималдығы бар: ауылдағы еңбек өнімділігінің төмен болуы, ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымның жетік дамымауы, ауылдағы өндірушілер үшін облыс орталықтарындағы негізгі тұтыну нарығынан алыс орналасуы және де климаттық жағдайлар себеп болуда. Осы орайда, Қазақстан үшін халықты қалаларға көшуін ынталандыру мен қалаларды дамыту өзектілігі туындап отыр.

Қазіргі кезде Қазақстан халқының 57 проценті қалада шоғырланған. Еліміздің ЖІӨ-нің 95 процентін қала өндіретін болса, небәрі 5%-ы ауылға тиесілі. Бұл – еліміз үшін ауқымды урбанизацияның қажеттілігін көрсететін тағы бір көрсеткіш. Миллион тұрғыны бар және одан асып кететін үш қала қарқынды “ресипиентке”, яғни қабылдаушыға айналуда: соңғы деректер бойынша Алматыда халық саны 1 900 000-ға жуықтаса, Астанада 1 047 000 адам, Шымкентте 1 005 000 тұрғын тұрады.

Елдегі соңғы 10 жыл ішіндегі урбанизацияны талдайтын болсақ, қала мен ауыл халқының үлесі жалпылама және өңірлік деңгейді өзгерістерге ұшырады. 2009 жылға қарағанда қала халқының саны 4,4 процентке артты. Өңірлердің көрсеткішімен алатын болсақ, урбанизация еліміздің көптеген облысында жүрді, тек біраз бөлігінде ғана қала халқының азаюы байқалады.

Еліміздің кей аймақтары урбандалуы бойынша республикалық орта көрсеткіштен төмен нәтижелерді көрсетуде.  2018 жылдың 1-шілдесіндегі дерекке сүйенсек, ең аз урбандалған өңір – жақында құрылған Түркістан облысы (қала халқының саны 19,5%.-ды құрайды). Сондай-ақ, урбандалу көрсеткіші төмен өңірлерге Алматы облысын (қала халқының үлесі 22,7%), Жамбыл облысын (39,7%) және Маңғыстау облысын (40,5%) жатқызуға болады.  Осы орайда, қала халқының өсімін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға оңтайлы және қолайлы урбанизация моделін әзірлеудің маңызы арта бермек. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында бірқатар факторлар ескерілуі қажет.

 

Қорытынды

Урбанизация Қазақстан үшін сөзсіз адами капитал мен әл-ауқаттың дамуын қамтамасыз етуші құралдардың бірі. Урбандалған ортада қалаға тән өзіндік ерекше мәдениет қалыптасады, халықтың әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалады және жаңа технологияларға, жаңа кәсiп түрлеріне бейімделу тез жүреді. Сондықтан дамыған елдердегідей орасан зор өндірістік қуат, ақпараттық, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық әлеует шоғырланған мегаполистер мемлекеттік байлықтың негізгі өсімін қамтамасыз ету Қазақстан үшін де маңызды. Осы орайда, біздің елді сапалы урбанизацияны жүргізуге аса мән беруіміз қажет:

Біріншіден, қалалар құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығын және жайлылығын барлығынан жоғары қою. Ол үшін барша қала тұрғындарына тиесілі қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет.

Екіншіден, қалалар құрылымын оңтайландырып, ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттілігі де бар.

Бастысы, Президент жүктеген міндетті жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі жалған урбанизацияға, яғни тек қалалық территорияларды үлкен көлемде кеңейтіп, оны бос қалдыруға жол бермеу. Үкімет тарапынан агломерациялар құруда толықтай бақылаудың болуы қажет.

 

 

Исатай МИНУАРОВ, социолог

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала