Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

2030 ЖЫЛЫ БІР ЛИТР СУДЫҢ ҚҰНЫ БІР ЛИТР БЕНЗИННЕН ҚЫМБАТ БОЛУЫ МҮМКІН...

Мамандар таяу жылдары су текетірестер мен соғыстардың басты себебіне айналуы мүмкін дейді. Себебі, су геосаясаттың ХХІ ғасырдағы шешуші факторы бола бастады. Соңғы 50 жылда су үшін 500-ден астам әскери қақтығыс тіркелген. Оның тапшылығы тек қана мемлекетаралық қатынасты ғана бұзып қоймай, ел жекелеген елдердің ішінде де түсініспеушіліктің тууына ықпал етті. Солтүстік және Оңтүстік Италия, Үндістан-Қытай, АҚШ-Канада, Мысыр-Эфиопия, Үндістан-Пәкістан, тіпті көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстан айтқандарымызға анық мысал бола алады. Ал Орта Азияда ертеден Бұқар мен Қоқан хандығы, Хиуа және Бұқар хандығы арасында да теке-тірестер болып тұрған. Аймақта су проблемасы, оның ішінде трансшекаралық өзендер мәселесі әлі өзекті.

 

Мәселен, Тәжікстандағы Ресей-тәжік халықаралық университетінің профессоры

Рахмон Ульмасовтың айтуынша,  Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сай, қазір әлемде суға қатысты туындаған жүздеген қақтығыс бар. Ал соңғы 30 жылдың ішінде тіпті суға байланысты болған әскери қақтығыс саны 20-ға жеткен. Орта Азия елдерінде де әлі күнге дейін сапалы ауыз су ішпей отырған елді-мекендер бар. Әлемдегі тұщы су қоры да жылына 2 пайызға азаюда. Ал газ, мұнай секілді шикізат ресурстарымен қатар суға деген сұраныс та жыл санап артуда. Қырғыз Республикасының Экология және Қоршаған ортаны қорғау экс-министрі, профессор Кулубек Боконбаевтың сөзінше,  көптеген сарапшылардың болжамындағыдай 2030 жылы бір литр судың құны литр бензиннен қымбат болмақ. Себебі, жер бетінде халық саны да күн санап өсуде. Қазірдің өзінде бір жарым миллиард адамның сапалы суға қолы жетпей отыр. Сондықтан суға сұраныс факторлары «мұнай құбырларының қызметін алдағы уақытта өзгертеді» деп болжайтындар көбейді. Жалпы, Орта Азия әлемдегі су ресурстары жеткілікті аймақтар қатарында. Алайда мұндағы бес ел ширек ғасырда суды басқару саясатында ортақ келісімге келе алмады. Соның салдарынан су ресурстары тиімді басқарылмай келеді.   Түркияның «Hydropolitics association» халықаралық ұйымының президенті Дурсун Йылдыздың айтуынша,  Орта Азия әлемдегі су бөлісу мәселесін реттей алмай отырған аймақтардың бірі. Қырғызстанның су ресурстары бойынша ұлттық әріптестік ұйымының жетекшісі Абдибай Жайлаубаевтың ойынша, Орта Азиядағы бар суларды түгел алатын болсақ, су көлемі барынша жеткілікті. Ал су ресурстарының географиялық әділ орналаспауы даулы мәселе.

Расында да, әлемде сулардың орналасуы да бірыңғай болмауы проблемалар тудырып отыр. Мысалы, АҚШ-та бір адамға тәулігіне 700 литр су тұтынады. Бұл көрсеткіш Данияда -300, Қытайда-150, ал Африкада бар-жоғы 5-7 литрді құрайды. Орталық Азиядад да осы мәселе сезіледі. Мәселе аймақты көктей өтетін қос өзен: Әмудария мен Сырдария жайында. Жергілікті халықтың байырғыдан келе жатқан тіршілік көзі, қазір даудың өзі болып тұр. Аймақтағы ең ірі әрі суы да ең мол Әмудария бастауын Ауғанстан мен Пәкістанның қиылысындағы Гиндукуш тауының солтүстік беткейі мен Памирден алады. Еріген мұздықтардан пайда болған Пяндж және Вахш өзендері тәжік даласында түйісіп, Әмударияға айналады. Өзен одан соң Түрікменстанды басып өтіп, Өзбекстан арқылы Аралға құяды. Ал келесі өзен болса, Қырғызстандағы Тянь-Шянь тауларының батыс бөлігінен басталатын  Нарын мен Қарадария өзенінің қосылуы арқылы пайда болады. Сырдария осылайша Тәжікстан арқылы Өзбекстан мен Қазақстанды басып өтіп Аралға бірақ барады.

Кеңес дәуірінде трансшекаралық суларды бөлісіп пайдалану үшін ортақ жүйе құрылды. Судың басындағы елдер — Қырғызстан мен Тәжікстан ауыл шаруашылығына тәуелді Өзбекстан, Түрікменстан мен Қазақстанға жазда су беріп отырады. Ал қыста аталған елдер қарымта ретінде оларға энергоресурстар жеткізетін. Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы бөлімшесінің су ресуртары жөніндегі департаментінің басшысы Әмірхан Кеншімов ол туралы былай дейді: Жалпы бәріне бірдей болу үшін бұрын мемлекеттік жоспар Мәскеуден бекітіп отыратын. Қырғызстанға қанша мұнай беру керек, қанша газ беру керек, қанша металл беру керек. Солардың барлығын реттеп отыратын. Тәжікстан да сондай болатын. Сөйтіп Тоқтағұл қыстың күні жұмыс істеуін азайтатын, суды жинайтын, басқа су қоймалары да сөйтетін, жазды күні барынша суды жіберетін. Ал енді Қырғызстан мен Тәжікстан ешқандай қиындық көрмес үшін, оларға мұнай беріледі, газ берілетін, тағы да басқа пайдалы қазбалар берілетін. Сөйтіп реттеп отыратын.

Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақ елдері бұрыңғы жүйені сақтап қалуға барынша тырысты. 1992 жылы бес мемлекет өзара мемлекетаралық келісімге қол қойды. Бастапқыда электрэнергия сатып алса, кейін айырбас болды. 1998 жылы Сырдария өзеніне байланысты төрт мемлекет тағы да бір құжатқа қол қойды. Сонда Тоқтағұлдың режимін анықталған болатын. Аталған келісім 2003-ке дейін жақсы жұмыс істеді. Бірақ, 2004 жылы Өзбекстан «біз екіжақты жұмыс істейміз, әр мемлекетпен жеке-жеке жұмыс істейміз» деді де төртжақты келісімнен шығып кетті. Соның салдарынан бүкіл жүйе жұмысы бұзылды. Содан бастап көпжақты және екіжақты комиссиялардың жұмысы күн өткен сайын нашарлады. Келісімшарттар толық орындалмайды. Бес елдің суды бөлісу мен басқаруға қатысты саясаттары үйлеспей тұр. Аймақтағы су дипломатиясының жоқтығынан тіпті көршілер арасына сызат түскен кездер де аз емес. Тіпті, жаман айтпай жақсы жоқ. Кейбір мамандар су мәселесіне мұқият қарап, салмақты түрде шешпесе түбі ушығып кетіп, бауырлас елдер арасына сызат түсуі мүмкін деп санайды. Мәселен, Қырғыз Республикасының Экология және Қоршаған ортаны қорғау экс-министрі, профессор Кулубек Боконбаев: «Орта Азияда су ресурстары үшін мемлекетаралық соғыс болуы мүмкін. Себебі, адамдарға өмір сүру керек. Сондықтан сарапшылар соғыс болуы мүмкін деп болжайды. Бұл жеткілікті түрде шынайы факт. Себебі, қазірдің өзінде су бөлу мәселесінде елдер арасында қақтығыс бар» дейді. Оған дәлел ретінде әсіресе, қырғыз-тәжік шекарасында болып тұратын текетірестерді алға тартады. Мысалы, 2014 жылдың қаңтарында су үшін екі елдің шекарашылары атысып, сегіз адам жараланған болатын. Оның да өз себептері бар. Десе де, аймақ елдері үшін қазір экономикалық мүдде бәрінен жоғары тұрғаны жасырын емес. Мәселен, Тәжікстан мен Қырғызстанда ағыстың төменгі елдерінің астық алқаптарын  суару үшін салынған су қоймалары, тәуелсіздік алысымен энергетикалық  мақсатта пайдалана бастады. Экономикалық мұқтаждығын өтеу үшін су электр стансаларын салуға талпына бастады. Су ресурстарынан электрэнергиясын өндіріп Ауғанстан, Пәкістан мен Үндістан сияқты елдерге сатып, қаражат тапқысы келеді. Ауылшаруашылығына аса көп су қажет төменгі елдер бұған наразылық танытып келеді. Қырғыздар ГЭСтер құрамыз,  энергетика генерациясы азайып бара жатыр десе, Қазақстан мен Өзбекстан салқын қабақ танытып, бізге су жетпей қалуы мүмкін деген қауіпін білдіріп келеді.

Тіпті кейде жоғарыдағы елдер суды саясатқа айналдырып, төменгі елдерге қысым көрсететін құрал ретінде пайдаланғысы келетін сәттер де болып тұрады. Десе де, су өмірдің бастау көзі болғандықтан оның саяси мақсатта қолданылуы біраз түсініспеушілік тудырады. Оның үстіне Орталық Азия аймағында халық саны да жылдам өсіп келеді. Жан саны артқан сайын экономикалық әлеует те артады, су тұтыну да еселенеді. Себебі, соңғы қырық жылда аймақтағы бұқараның қарасы үш жарым есе өскен. География ғылымдарының докторы, тәжікстандық профессор Холназар Мухаббатов: «Егер 60-шы жылдары Орта Азия халқы шамамен 20 миллион болса, қазір аймақтағы халық саны 70 миллионға жуықтады. Бұның сыртында, сол жылдары суармалы жер барлығы шамамен  4 миллион гектар болса, қазір  20 миллион гектардан асты. Демек, демографиялық ахуал үлкен проблема туындатуда. Олардың ең бастысы — су мәселесі» деген ойын білдірді.

Судың жетіспеушілігі аймақ халқының жылдам өсуіне ғана байланысты емес, оған  ауылшаруашылығының артуы, өнеркәсіптің дамуы, гидроэнергетика, өзге де  кәсіпорындарға су керек екенін ұмытпау керек. Ал жалпы соңғы 60 жылда әлемде тұщы суды тұтыну 8 есе өскен. Алдағы онжылдықта бұл көрсеткіш жылдам арта бермек. Әлем экономикасын зерттейтін халықаралық орталықтың болжауынша, 2025 жылы 5,5 миллиард адам немесе жершары халқының екіден үші тұщы су тапшылығына тап болады.

Ал Орталық Азияға қайтып оралсақ, болашақта Әмудария өзеніне ортақтасатын тағы да бір ел бар. Оны қазірден бастап қаперге алуымыз керек. Су мәселесі бойынша ресейлік сарапшы Анатолий Крутов: «Орта Азия туралы айтқанда, Ауғанстанның бар екенін ұмытпауымыз керек. Өңірдегі ең маңызды ойыншылардың бірі ерте ме кеш пе қатарға қосылады. Қашан екені белгісіз бірақ. Ол өз құқығын айта алады. Амударияға қатысты өз үлесін алуға қатысты. Пяндж трансшекаралық өзен. Ең негізгі бастарында бір су жиналатын. Әмударияның, сондықтан ұмытпау керек» десе, «Казгипроводхоз» жобалау институтының бас директоры Анатолий Рябцев «Ауғандықтар да күндердің күні автоматтарын тастап, қолдарына кетпендерін алады. Олар су мәселесімен айналыса бастаса, су проблемасы тіпті шиеленіседі» дейді. Бұл пікірді   Ресей-тәжік халықаралық университетінің профессоры Рахмон Ульмасов та құптайды,  «Біз қазір бір жағыннан Ауғанстанның мүмкіндігін ескермей отырмыз. Бұл мәселеден олар қазір жырақ қалды. Егер Ауғанстанда белгілі бір уақыттан кейін тыныштық орнап, тұрақтылық пайда болса, олар да бізге өзіміздің үлесімізді беріңдер дейді. Сондықтан біз оны да ескеруіміз қажет. Ерте бастан қамданғанымыз абзал» деген көзқарасын білдірді.

Расында да Ауғанстан соғыс салдарынан өздеріне тиесілі судың бестен бірін ғана қолдана алып отыр. Алдағы уақытта оны толық қолданғысы келсе, Ауғанстан да келіссөз үстелінің айналасынан табылады. Бұл мәселеге Орта Азияның өзге бес елі қазірден  назар аударуы тиіс. Олай болмаса, тағы бір проблема пайда болуы мүмкін. Осы тығырықтан шығудың жолдарын қазірден реттеу керек. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі Чынгысбек Узакбаев, «Бұл проблема тек екі мемлекеттің ортасында ешқашан шешілмейді. Бұл бес мемлекеттің, тіпті қазіргі кезде алты деп айтамын. Өйткені, Ауғанстан бүгін 6 миллиард текше метр суды өзінің ауылшаруашылығына пайдалана бастады. Бұл не деген сөз? Бұл Әмудария өзенімен бізге келетін 6 миллиард текшеметр су азаяды деген сөз. Сондықтан жуық арада Ауғанстанды да бес мемлекеттің қатарына толық құқылы ел ретінде қосып, проблеманы шешпесек, әңгіме сөз күйінде қалуда» деді.

Демек, Орталық Азия елдерінде суға қатысты бір үстел басына отырып, бірігіп шешетін проблемалар баршылық. Тек уақыт оздырмай тездетіп реттеген абзал.

   

 

 

Ержан Қалымбайұлы, журналист

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала