Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

ҚАРИН ҚАНДАЙ БАСШЫ БОЛДЫ?

Бұрнағы күні еліміздегі ықпалды тұлғалардың бірі Ерлан Қарин Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін оның «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы болғанын жұртшылық жақсы біледі. Екі жыл екі айда Ерлан Тынымбайұлы не істеді, бағамдап көрейік.

Ол 2017 жылдың 9 ақпаны күні үш телеарна мен төрт радионың басын қосып отырған «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Танымал саясаттанушы ретінде танып келген Ерлан Қариннің ұлттық медианың ұйытқысына айналған корпорацияны басқаруға келгеніне таңырқап, әрі оның мықты медиа менеджерге айналарына күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ, Ерлан Тынымбайұлы ә дегеннен-ақ үлкен реформалар жасап, отандық ақпарат саласының дамуына өз үлесін қосты.

Әу бастан-ақ корпорция қызметкерлерінің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасайтынын, қолынан келгенше қолдайтынын білдірді. Сөзінде тұрды. Көрерменнің талғамын көтеру жолында жұмыс істейтінін айтты, жасады. Корпорация құрамындағы ақпарат құралдарын жаңа деңгейге көтерді. Әлемдік стандарттарды зерделей отырып, көптеген жаңашылдықтар енгізді.

Ең бастысы команда әкелмеді. Ешкімді жұмыстан шығарып, қудаламады. Керісінше, қолдап іштегі қызметкерлердің өсуіне мүмкіндік жасады. Сонымен бірге, аға буынды қайта жұмысқа алып, ұрпақтар сабақтастығының әдемі үлгісін көрсетті.

Ерлан Қарин келген соң халықты әбден жауыр еткен үнді фильмдерімен бірге эфирден Нұрлан Қоянбаев пен Ләйла Сұлтанқызы да кетті. Отандық телесериалдардың саны да, сапасы да арттырылды. Ал шетелден сатып алынтаын кинолардың да  сапасы жоғарылады.

Ерлан Тынымбайұлының телеарна атауларына ребрендинг жасауы шын мәнінде тарихи оқиға болды. Мәселен, 2017 жылдың жауа маусымында Қазақстан корпорациясына қарасты телеарналар атауы тұтастай кирилл қарпінен латынға көшті. «Қазақстан» атауы «QAZAQSTAN» болып өзгерді, өзге екі арна  «Qazsport», «balapan»ға айналды. Ал аймақтағы филиалдар бұрынғыдай «Қазақстан Маңғыстау», «Қазақстан - Ақтау» т.б атаулардан арылып, жергілікті болмыс пен атауға негізделді. Мәселен, «ALTAY», «QYZYLJAR», «ERTIS», «MANGYSTAU», «ONTUSTIK», «SARYARQA», «AQJAIYQ», «ATYRAU» болып өзгерді. «Қазақ» радиосы болса, «QAZAQ radiolary»на айналды. Бұл өзгерістер ұлттық сана мен тарихи жадының жаңғыруына үлкен серпін берері сөзсіз.

Ерлан Қарин «1-студия» (қазір «Minber») саяси ток-шоуын ашқызып, көптеген өткір мәселелерді тікелей эфирде талқылауға мүмкіндік берді. Тіпті оппазиция өкілдерінің де ұлттық арна эфиріне шығып, өз ойларын айтуы мемлекеттік медианың пропагандалық бағдар тонын бұзды. «Мәселе» сынды өткір, «Парасат майданы» сынды интеллектуалдық бағдарламалар көрермендерін қуантты.   

            Ұлттық өнердің ұлттық арна төріне қайта озуына жол ашып, «Мен қазақпын», «Uly dala sazy» сынды халықаралық музыкалық мегажобалар дүниеге келді. Сонымен қатар,  Алашорданың 100 жылдығына орай «Тар заман» атты телехикая түсіріліп, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан көрсетілді.  «Алаш туы астында», «Беймәлім Алаш» деректі фильмдері де жұртшылықтың тарихи санасын толықтырды. Сонымен қатар, кейбір өткір тақырыптарға да жалтақтамай барып, отаршылдыққа қарсы күрескен тарихи тұлғаларымыз түсіріліп, «Кейкі мерген» телехикаясы көрерменге жол тартты.

Шетелдегі қазақтар туралы «Көшпенділер» атты деректі фильмдер топтамасы да жаңашылдық болды. Бұдан өзге де қызықты деректі фильмдер түсірілді. Корпорация құрамындағы медиалардың әлеуметтік желідегі белсенділігі артып, «Qazaqstan» мобилді қосымшасы іске қосылып, оған жазылғандар саны жарты миллионнан асты. Телеарналар әлеуметтік желіге арнап жеке контент де жасай бастады. «Tamasha» атты жеке ойын-сауық телеарнасы ашылды. Облыстардағы жабылып қалған тілшіліер қосындарын қайта ашқызды. Әлеуметтік мәселеге де айрықша мән берді. Жалақыны былтыр он пайызға өсірді. 20-дан астам адамның «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болуы үшін корпорация тарапынан алғашқы жарнасы төленетін болды. Қызметкер пайызсыз көмекті он жылда қайтарады. Бұл қазіргі кезде үлкен көмек. Қолдау жылда жасалмақ.

Ерлан Қарин наурыз мейрамының жоғары деңгейде аталып өтуіне ерекше мән берді. Ұлыстың ұлы күні корпорация қызметкерлері де ерекше деммен атап өтті. Бұл Ерлан Тынымбайұлының жасағаны туралы біздің көргендеріміздің бір парасы ғана. Ендігі келетін төраға осы игілікті істі ары қарай жалғастырса құба-құп. Ал корпорацияға қарасты ақпарат құралдары журналистері де әлеуметтік желіге посттар жазып, өз пікірлерін  білдіріп жатыр. Солардың бір-екеуін беруді жөн көрдік.          

   

 

Мейіржан Әлібекұлы - Ақпараттық - сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары

Елшіл тұлға Ерлан Тынымбайұлының жетекшілігімен екі жылда "Qazaqstan" телерадиокорпорациясында атан түйеге жүк болар ауқымды істер атқарылды. Әлі де жоспар-жобалары көп еді. Бірақ, мықты һәм парасатты политтехнологтардың ақыл-кеңесі Ақордаға да қажет қой.) Мемлекет басшысы лайықты таңдау жасады. @erlankarin2019 Ұлтқа, қазаққа пайдаңыз тие берсін!

 

Айнұр ОМАР, «Аpta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының шолушысы

Төрағамызды өзіміз де қимай отырмыз. Ерлан Тынымбайұлының аз уақытта атқарған жұмыстары көп. Халықаралық жобалар, ұлттық музыка, ұлттық спорт, ірі жобалар мен тарихи фильмдер, «Балапан» телеарнасына көрсеткен қамқорлығы (бірнеше мультфильм)...деп тізе беруге болады. Оны көрермен көріп те жүр. Ал қарапайым қызметкер ретінде айтарым, төраға журналистердің жұмысын оңтайландыратын көп өзгерістерді жүзеге асырды. Жаңалықтар – кез келген арнаның жүрегі ғой. Жабылып қалған тілшілер қосынын қайта ашты. (Аймақтық тілшілерсіз күніміз қараң). Журналистерге гонорар жүйесін қайта енгізді. (Бұл да өте керек) Айтсам мақтағандай болам, Ерлан Қарин корпорацияда қызмет ететін жастардың баспана мәселесін шешуге шындап кірісіп еді. Корпорация қызметкерлеріне үй алуға қажет алғашқы жарнаны (первоначальный взносты) процентсіз беретін шешім шығарды. Үй алам деп үмітін үкілеген біраз әріптесім қазір жүгіріп құжат жинап жүр. Қалада пәтер жалдап тұратын адам үшін «первоначальный» 2-3 миллионды жинау да оңай емес. Бұл корпорация тарапынан үлкен көмек. Қарапайымдығы, адамгершілігі, азаматтығы бір төбе. Бейне бір қазақ хандығы сияқты біздің корпорацияны басқарған тұлғалар көп қой. "Доскеннің кезінде", "Нұржан Жалауовнаның тұсында" деп басталатын жылнамалар қатарына "Қарин басқарған уақытта" деген жып-жылы естеліктер қалатыны сөзсіз!!!

 

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ, «Мәселе» және «Шаңырақ» бағдарламасының жүргізушісі

Телевизияға тыңнан келіп, талайдың таңдайын қақтырып, сірескен тоңның көбесін сөккен Ерлан Тынымбайұлы тынымсыз еткен еңбегіңіз үшін, болам деген таланттардың бетінен қақпай белін буғаныңыз үшін, шығармашылық адамға тән еркеліктерімізді көтергеніңіз үшін рахмет! Келесі белесті де абыроймен еңсеретініңізге сенемін. Еткен еңбекте кеткен кемшілік болмасын. Тілші дейтін қаламнан басқа қаруы жоқ қауымға жасаған жақсылықтарыңызды ұмытпаймыз. Тек қана алға, сәттілік серік болсын Ерлан Тынымбайұлы!

 

Суреттер журналистердің əлеуметтік желідегі парақшалары мен ulys.kz, egemen.kz  сайттарынан алынды

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала