Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КӨЗІМЕН ТҮРКИЯ» АТТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

Юнус Эмре түрік мәдени орталығы 2019 «Жастар жылы» деп жариялануына орай, жас таланттар мен өнерпаздарға қолдау көрсету мақсатында 2019 жылдың 14 наурыз күні «Хан Шатыр» сауда орталығында суретші Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтар көзімен Түркия» атты жеке сурет көрмесінің тұсаукесерін өткізді. Көрмеге жас қылқалам шеберінің 40-қа жуық еңбегі қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы жеке сурет көрмесін Түркия тақырыбына арнап отырған Назерке Кемелбаева Қазақ ұлттық өнер университетінің 5 курс студенті. Сондай-ақ Юнус Эмре түрік мәдени орталығында түрік тілін  үйренуде.

 

Тұсаукесер салтанаты түрік халқының билерімен басталды. Жас өнерпаздар «Зейбек» және «Чифтетелли» билерін көрерменге тарту етті. Шараға Дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстан Парламенті депуттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Назерке Кемелбаеваны Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык, ҚР Парламенті Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов және Юнус Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина құттықтап, өнер жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі. Өнердің кез келген түрінің ой мен сезімнің қуаттылғы мен нәзіктігін үйлестіре алатынына тоқталған Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык мырза: «Бүгін талантты жас суретшіміз Назеркенің көрмеге қойған туындылары  эстетикалық нәзіктіктің көрінісі деуге болады. Кемелбаеваның бұл жұмыстарында Түркияның тарихи, әсем һәм таңдаулы жерлері көрініс тапқан. Туыс екі ел мен халық арасындағы берік бауырластықты өнер әлемі арқылы баяндаған ғажап туындылары үшін Назрке ханымды құттықтаймын! Мәртебелі меймандарымыз сіздерді де ортамыздан көргеніміз үшін өте қуаныштымыз. Баршаңызға мәлім, құрметті президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жылды Қазақстанда «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Назгүл Кемелбаеваның көрмесі осы «Жастар жылына» тарту ретінде ұйымдастырып отырмыз»-деді. Сондай-ақ ол аталған көрмені ұйымдастыруға мұрындық болған Юнус Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина бастаған орталық қызметкерлері мен орын бөлген «Хан шатыр» орталығы басшылығына ризашылығын білдірді.

Назерке Кемелбаева 15 жасынан бастап Астана қаласындағы «Балалар сурет мектебі. ЮНЕСКО клубы» атты мектепте қосымша сурет өнерін оқып, оқу орнынан академиялық білім алған. Қазіргі таңда сценография мамандығы бойынша білім алып жатқан суретші болашақта танымал иллюстратор болуды армандайды. Көрмеге қойылған шығармаларда бауырлас ел Түркияның түрлі  қалалары бейнеленген. Шығармаларының арасында ескі мәдени мекендер – «Мевлана кесенесі/ Конья», «Акдамар шіркеуі/Ван», «Ысқақ- Паша сарайы/ Аары»  мен ежелгі қалалардың «Понт патшаларының мазарлары/Амасья», «Румели Хисар бекінісі/Ыстамбұл», «Ежелгі Эфес қаласы/ Измир» суреттері де бар.

Айта кетейік, «Қазақстандықтардың көзімен Түркия» көрмесі 2019 жылдың 16 наурызына дейін қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады.

 

 

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала