Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАРҒА АНА ТІЛІН ҮЙРЕНУ МҮМКІНДІГІ

Шетелде өмір сүріп жатқан қандастардың ана тілін еркін меңгеруіне жағдай жасалады. Осы мақсатта «Отандастар Қоры» мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту Қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Отандастар Қоры» баспасөзінің хабарлауынша, құжатта сондай-ақ мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мен  тіл саясатының тиімді іске асуына атсалысу мәселелері де қарастырылған.

«Отандастар Қорының» Бірінші вице-президенті Талғат Адуовтың айтуынша, жақын арада шетелдегі қандастарға арналған қазақ тілін қашықтықтан үйренудің тегін курстары басталады. Сабақтар Skype арқылы онлайн режимде өтетін болады.

"Осы мақсатта біз әр елдегі мүдделі қазақ этномәдени және қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатпақпыз. Солардың көмегімен интерактивті тақталармен жабдықталатын арнайы қазақ тілі кабинеттерін ұйымдастырамыз. Бұл бастамамыз жексенбілік мектептер желісі сияқты болады. Яғни, тілді үйренушілер өз бетінше оқып қана қоймай, өзі сияқты басқа да тәлімгерлермен бірге жиналып, араласа алады, сабақты бірігіп өте алады. Тілді кез келген уақытта кабинеттен тыс онлайн оқи алу мүмкіндігінен бөлек, олардың бетпе-бет жолығу алаңын ұйымдастыруымыз керек деп санадық".

Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы Азат Шәуеевтің сөзіне сүйенсек, шетелдік отандастар үшін қазақ тілін игерудің инновациялық әдістерге негізделген тиімді жүйесі әзірленуде.

"Қашықтықтан оқыту жүйесі туралы айтар болсақ, біздің «Soyle.kz» порталы негізіндегі мол тәжірибеміз бар. Бұл қазақ тілін интернет арқылы онлайн режимде үйрететін Қазақстандағы алғашқы тегін жоба. Ол үлкен зерттеу мен талдаудың, осы саладағы басқа да елдердің тәжірибесіне үңілудің нәтижесінде жүзеге асты. Сонымен қатар, шетелдік қандастардың да сұраныстарын барынша ескеруге тырысып жатырмыз. Мәселен, олардың ыңғайлылығы үшін біз порталдың ағылшын-латын нұсқасын да жасап шығардық. Енді қазақ тілін латын әліпбиімен үйренуге болады".

Сонымен қатар, келісім аясында тіл саясаты жөніндегі іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру, электрондық ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілді дамытуға ықпал ететін отандық сайттар жұмысына жәрдемдесу және шетелдегі отандастарға арналған қазақ тілі бойынша оқу құралын әзірлеу көзделген.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала