Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

Әлихан БӨКЕЙХАН: Біздің іздегеніміз Алаштың аты бәйгеден келгені

Бүгін 5-ші наурыз ұлт көсемі, қабырғалы қайраткер Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні. Алашорда үкіметінің көшбасшысы Ә.Бөкейхан бастаған алаш арыстарының еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Соңғы кезде балаларға Әлихан есімін қою көбейіп келеді. Бұның өзі ол кісіге деген махаббат пен шексіз құрметті көрсетеді. Осыдан ғасыр бұрын Әлихан «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің іздегеніміз Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», — деп жазыпты. Айтқаны айдай келді. Өз еркіміз өзімізде, өз тізгініміз өзімізде жеке ел болдық. Жалпы, Алаш көсемінің өз дәуірінде жазған салиқалы дүниелері әлі де құнды. Оның отты пікірлері уақыт өткен сайын бізге бағдаршам болып, бағытымызды бағамдап тұрады. Сондықтан біз Әлекеңнің артында қалған өлмес мұраларын тағы бір ақтарып, рухымен сырласу арқылы «ULYS» журналына дайындалған арнайы сұхбатты жариялауды жөн көрдік.

ULYS: Өзіңізбен бірге «Алаш» партиясының жетекшісі болған үзенгілесіңіз, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов "газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» депті. Сіздердің замандарыңызда қазақ халқына газет ашу өте қиын іс болды. Бірақ, сол кездің өзінде Америкада 21 мың 435 газет-журнал болыпты, Францияда 9 мыңдай, Германияда сегіз мыңдай Италияда 3 мыңнан астам, ал Ресейде екі мыңнан астам басылым шығып тұрыпты. Сіздер де тар заманда тарихи миссия атқарған, Алаштың аймаңдай ұлдарының алтын ұясы болған — "Қазақ" газетін 1913 жылы Орынборда шығара бастадыңыздар. Содан бері де 105 жыл өтіпті. Сіз «газета-журнал шығару-үлгілі рухани дүкен» деп санайсыз. Халықты сапалы ақпаратпен сусындату үшін, саналы контент жасау үшін біз де жаңа журнал шығаруға бел будық... "Қазақ" газетін шығару қиынға соқпады ма?

Ә.БӨКЕЙХАН: «Қазақ» газеті-әуелі тез ойланып, тез дүниеге шыққан істің бірі, екінші пұлмен емес, тәуекелмен бастаған істің бірі. Шығаруға бел байлағанда қолдағы пұлымыз небары 750 сом еді. Халықта баспасөзге аңсаған адамдардың барлығымен газет жүріп кетті. Әйтпесе 750 сом қаншаға шыдар еді? Дүниеге шығып көрінуі мұң-ақ екен, жұрт жабылып көтермелеп кетті. Сондықтан бастауға себепкер біздер болсақ та, жүргізуге себепкер болған жұртқа кірген саңылау һәм яғни жүрт ішіндегі саңылаулы, саналы адамдар. Жұрт азаматтарының бірсыпыралары пұл жағынан, бірсыпыралары қалам мен білім жағынан, бірсыпыралары екі жағынан да жәрдем етті.

ULYS: «Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта...» деп емексітіп қоясыз. Сосын «Абай, Шәкәрім, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» деп өз дәуріңізді мысал ете отырып өзекке су тамызасыз... Алайда ширек ғасырдан асып барамыз биліктің тілі әлі шықпады. Тәуелсіздіктің тұтас бір буынын, егемендіктің құрдастарын орысша ойланатын етіп тәрбиелеп шығардық. Бірақ жуырда президент Үкімет пен Парламентке қазаша сөйлеңдер деп ішімізді жылытты. Қазақ тілінің көсегісі қашан көгереді?

Ә.БӨКЕЙХАН: Түбінде біздің қазақ тілі бізбен тіл тұқымы бір өзге мұсылманды байытпаса, біз біреуге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар. Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.

ULYS: Бүгінде ел қазынасын қалтасына басатын пысықайлар тыйылар емес. Етекбастылық, жемқоролық, ақсақализм мәселесі әлі ушығып тұр...

Ә.БӨКЕЙХАН: Келешек уақыттағы бала-шаға, үрім-бұтақтың бақыт, махаббаты үшін жұрт бүлдірген партия басы ақсақал, пысық қулар тыйылғаны жұрт пайдасы. Бірақ адам баласы нәпсінің құлы, бұлар маңдайына тас тимей тоқтамас. Жастар, жұртшылдар, өз бетіңмен іске кіріс!

ULYS: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап» деген Абайлық көңіл-күй сол қалпы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандай....   

Ә.БӨКЕЙХАН: Бірін-бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған-хайуан тұрмыс салты. Қағушы, соғушы, күзетші хайуандық жолда адақан адам баласына ғана керек. Бостандық, теңдік, туысқандық қазақ баласына олжа болды. Қазақ баласының істеп отырған ісіне қарасақ, бүркітті қоянға, сұңқарды торғайға салған көрінеді. Қазақты бастаған ақсақал, мырза, хазірет бұрыңғы ескі ауруға салып, батпақ аяғын астауға салған құлын болып жүр. Жалпы жұрт надан болмақ емес. Бір қора қойды жалғыз қотыр лақ былғайды. Жалпы жұртты қотыр қылатын жалғыз-жарым адасқан атқа мінген. Бүкірді көр түзетеді.

ULYS:  Өзіңіз қазақтың бас ақыны деген Абай тағы да «бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес» дейді. Ақыл бірлігіне әлі жете алмай келеміз....   

Ә.БӨКЕЙХАН: Жұрт болып сөйлесетін сөз көп, қазақ баласы бірігіп тізе қосып іс қылса халық мақсұты сонда орнына барады. Әдейі сөз белгілеп бас қосуға жарамасаң, кез келген бас қосқан жерде мұқтаж сөзді сөйлеп, іс қылуға тырбану керек. Бізден басқа өзге көп жұрт, атын атап не қылайын, осындай кезде бас қосуды олжа қылып, осыны сылтау қылып, бұғып жүріп мақсұт ісін істеп алады. Халық ісін орнынан салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылға шебер істеген әдіс керек. Тіршілік-ғұмыр белгісі-алыс-тартыс, арбау, әдіс. Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі соныкі. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая берсе, мұнан түк өнбейді. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал» деген. Балапан болмай әдіс қыл дегені ғой. Ашыққа шығып, жүріске салатын заман жоқ, бұғып жүріп жазған соң, аз сөз көпке айналып, хат кестесі бұзылып тұр. Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заман.

ULYS: Ал бұрыңғының бірлігі қалай еді өзі?

Ә.БӨКЕЙХАН: Бұрын қазақ бөтен жұртты шабамын деп жорыққа аттанса, хан сайласа жиылатын еді. Бұл екі есеп орыс патшалығы панасына кірген соң жоққа шықты. Бөтен жұрт шабам десе де, төрені хан қоямын десе де, бұл жиылысқа келген ақсақалдар, билер сиезде не қылатынын үйде анықтап, илеп, пісіріп келетін. Осы күнгі сөзбен жазсақ, бұл жиылысқа келген ақсақал, билер ел сайлап жіберген депутаты болатын. Солай етіп жиылысқа қазақ әр жерінен, әр руынан келген депутаттар әрқайсысы өз жұртының мынаны қыл деген, пісірген жарлығын алып келіп ортаға салып жұртының айтқанын, тапсырғанын тәмәм қазақ атынан көпке мақұлдатып аламын деп дауласатын еді. Біз бұл күнгі Еуропа жұртының бас қосқанына, жиылысына қарасақ, бұлардың жиылысы да бұрынғы біздің қазақ жиылысы сияқты. Жиылысқа келетін кісілер бұл жиылыста болатын сөзді анықтап, үйінде пісіріп келеді. Жиналысқа келетін адамдар - депутаттар жұрт сайлаған не оқымысты, не жұртқа істеген ісі белгілі кісілер болады, жиналысқа барып жұрт мақсатын орнына келтіремін деген жігіттер, жұрт жиып жиналыс қылып, мынаны қыламын деп сөйлеп, қара жарыс қылады. Осы ауылдағы қара жарыста үлкен бәйгеге баратын сөз әбден сөйленіп, пісіп болады, осы жұрт мақұлдаған сөзді жиылыс ортасына сал деп әр жұрт қара жарыста озғанды депутат сайлап жиылысқа жібереді. Әр жердің әр рудың мақсаты әр түрлі, мұның бірін мінеп жойып, бірін түзеп, бірін өсіріп, жұрт жігіті бас қосқан жиылыс жұрт мақсаты осы деп сөз шығармақ; бұл сөзді байламақ, сөзіміз осы деген жұрт бұл сөзді айтып тастамай, орнына салмақ, мұны іс қылмақ. Біздің осы күнгі қазақ бас қосамын дегенде, елде, жұрт арасында не піскен сөз бар?

ULYS: Жер қазақтың осал тұсы. Арада ғасыр өтсе де жер мәселесін әлі біржақты ете алмай келеміз. Билік пен халық арасында ырғасу бар қазір.

Ә.БӨКЕЙХАН: Қазақ жерінде мал бақпаса, пайда бермейтін көп жер бар. Жақсы жерді мұжық алған соң, қазақ мал жеріне қысылған соң бұл мал жері деп қазақ пайдасына қалдырған жер кескен, кесілмеген оброчная статъялар пайда беретін болып тұр, бұл жерлерді мал бағамын деп сұраушы бар. Кедей, сорлы, қаңғырған, жетім-жесір мұжықтан басқа қосақ түртінген, қазақ жеріне телмірген, жерге еңбек сіңірмей, мал бақпай, егін салмай, құр жер менікі қылып ат қойып, жерді еміп отырмақ болған жетім ұлықтар бар. Бұлар қазақ жеріне мал бағамын, мұжық пен қазаққа өнер үйретемін деп әуелі аренда, мұнан кейін мүлде өзінікі қылып алмақ. Мал бағатын жерден мұжықтан басқа орыс баласына қазақ жері берілмесін деген закон жоқ. Орыс мақалы бар: «заң-арба жетегі, қалай қарай бұрсаң, сол жақта болады»-деген. Жер министрінің мекемесі Министрлер Советіне мақұлдатып, патшаға қол қойғызып алып отыр. Сібірде, Сетной облыстарда һәм Түркістанда мал бағамын десе, отыз алты жылға торгсыз арендаға мал бағатын жер берілсін деп. Оброчний устав деген закон бар. Мұның 93-101 статъяларында айтылған, қазына жері торгсыз арендаға берілмейді, қазына жері арендаға торгсыз берілетін мұжық обществосы деген. Жер министрі осы жаңа айтылған законды аттап өтіп, судай кешіп отыр. Бұл бір айналма.

ULYS: Дін мәселесі де ушығып тұр? Қазір Парламентте саланы реттейтін заңжоба қаралуда. Артында астыртын демеушісі бар дін атын жамылған қауіпті ағымдарды құқықтық тұрғыдан тұсаудан басқа жол қалмады. Өйткені, теріс діни ағымдар «модаға» айналып кетті... Соңы үлкен қауіп...

Ә.БӨКЕЙХАН: Хохол жұртының жақсы мақалы бар, қай діндесің деп хохол жұртынан сұраса, бұл бишара жауап берген: «Май берген діндемін»—деп.

 

ULYS: Біз әлі шикізатқа тәуелді елміз, аранымыз ашылып, тек жұта беретін тұтынушы елге айналдық. Ештеме өндіре алмаймыз. Өзіміз өндірмей өзгелерге жету екіталай секілді....

Ә.БӨКЕЙХАН: Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда ақылды болып, қолы шебер болып айырылады... Байлық түбі — ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды. Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы  жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр. Бұрын қазақ «Аһау, үһеу» деп неше мың жыл босқа өзінен-өзі өсіп-өнетін мал айдап, көшіп жүрген жерден мұхық келе сала қазына суырып алып, байып отыр. Күні-түні қызметке жанын жалдағанның рахатын көріп отыр.

ULYS: Тәуелсіздіктің тұғыры қысқа уақытта нығайды. Бірақ, қазір қас қаққанша өзгерістер болып жатқан заман. Ендігі бағытымыз қалай болу керек?

Ә.БӨКЕЙХАН: Бұл тіршілік-үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік, ақыл, ұсталық, жаһитшілікте. Еріншек өзге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ. Мал бағып, малының артынан еріп көшкен қазақ сияқты халық байлық, қазына мал кіндігінде деп біледі. Қазынаға қуат беретін адам ақылы, адам қолы, адам жаһиты екенін білмейді. Біздің қазақша өз аяғынан өсіп-өнген малды айдап жүрген елге адам ақылы, адам ұсталығы, адам жаһиты көрінбейді.

ULYS: Бізде тамыр-таныстың дәуірі бітпей тұр, қазір ғылым-білімнің заманы екенін әлі де болсын мойындағымыз келмейді...

Ә.БӨКЕЙХАН: Бұрыңғы кеңшілікте қазақ қошқарға сыйынып та күнелтті, өтірікші, өсекші, құдай қарғағанды да болыс, би, ауылнай һәм елубасы қойды. О заман енді өтті. Жаңа заман ақыл, ұсталық, жаһитшілік күтеді. Қазақ жері тарылды, қазынаны күшті жалдап іздемегенге бәйге мүше жоқ. Болыс, би һәм елубасы болып мал табам деген қулардың заманы кейін қалды.

ULYS: Жаңа бір сөзіңізде «би» деп қалдыңыз, соттардың әділдігі қазір де өткір проблема болып тұр...

Ә.БӨКЕЙХАН: Жұртқа ғаділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орынан қорықпай салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын болыс пайдалы. «Ауылнай— тозақы» бұл ауылнайларға шаншардың қойған аты «тозақта мұнан артық бұған не жаза болар, қолында не бар» деп. Ауылнайлыққа хат білетін, жол көрген, жасты сайлау керек. Елбасылық — пара алып, ант ішіп, бо... жемесе бір құрметті орын: болыс, би қандай адам болуы осының қолында. Бұған ең құрметті ақсақал, ғаділ, жұрт-қамшыл, сатылмайтын, жөн білетін жақсыны сайлау керек.

ULYS: Кейде ұлттық болмыстың бүгінгі кебіне налығанда «қашан, қалай ел боламыз?» деген сұрақ көкіректі тораулдайтыны бар... Жалпы Алашқа не айтар едіңіз..

Ә.БӨКЕЙХАН:  Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!

Салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет, Алаш жұрты бұл айтқандарыңызды тағы бір ой елегінен өткізер!

Сұхбатты дайындаған, Серік ЖОЛДАСБАЙ, Алаштанушы

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала