Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

Қазақстанда ұлттық саясат қалай жүргізілуде?

Қазақстандағы ұлттық мәселе: Тәуелсіздік жылдары қандай өзгерістер болды және оған қатысты саясат қалай жүргізілуде? Бұл тақырыпқа зер салып көреміз. Жалпы, еліміз тәуелсіздік  алған бойда саяси элитаның алдында үлкен диллема тұрды. Әлеуметтік-экономикалық саясатты алмағанда, ұлттық саясат та басымдылыққа ие болып, ұлттық бірегейлігімізді (national identity) қалыптастыру сияқты өзекті мәселе туындады.

Мемлекеттің көпұлтты палитрасы және елдің солтүстігіндегі сепаратистік топтардың болуы ұлттық саясаттың ресми бағыты ретінде “қазақстандықтар” азаматтық ұлтын қалыптастыруға түрткі болды. Бұндай қадамға баруға толықтай негіз бар еді. Өзге посткеңестік мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның саяси элитасы демографиялық, этностық және тіл саясатында радикалды шаралардан бас тартып, барлық ұлт өкілдеріне тең көлемде “кеңістік” ұсынды. Радикалды деуіміз – басымдықты тек титулдық ұлтқа беріп, өзге диаспоралар немесе азшылықтардың (minorities) мүдделерін тиісті дәрежеде ескермеу. Қазақстанда орыс тіліне ресми статус беру – ұлтаралық консолидацияны күшейтуде алғашқы қадамдардың бірі болды. Екіншіден, элита тарапынан барлық күш сананың “деэтнизациясына” жұмылдырылылды: бұл дегеніміз, азаматтың белгілі бір ұлтқа жатқызылуы саяси категория ретінде қабылданбауы. Осының барлығы Қазақстандағы азаматтық дискурстың пайда болуының алғышарты болды.

Қазақстандық кейс ұлт және ұлттық бірегейлік мәселесімен айналысатын отандық және шетелдік академиялық орталарда әлі күнге дейін үлкен қызығушылық тудырып келеді. Әсіресе, шетелдік ғалымдардың сараптаманы классикалық ғылыми теориялармен үйлестіре білуі, концепцияларды тиімді түрде пайдалана білуі назар аудартады.

 

Негізгі тендециялар

 

Тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде еліміздің демографиялық және әлеуметтік-мәдени ахуалы едәуір өзгеріске ұшырады. Мысалы, негізгі тенденциялар қатарына төмендегілерді атасақ болады:

 

  • Еліміздің солтүстік облыстарында орыс/славян ұлт өкілдері үлесінің азаю тенденциясы жүріп жатыр. Әрбір солтүстік өңірде орыс/славяндардың үлесі жалпы халықтан есептегенде 36%-тен 50%-ке дейін құрайды. Өз кезегінде бұл аталған топтарды  көпшіліктен (majority) азшылық (minority) статусына айналдырды (Қостанай облысы мен СҚО-дан басқа). Бұл еліміз үшін 1990-жылдардан бері болған ең үлкен өзгеріс.

 

  • Қазақстаннан Ресейге жаппай иммиграциялық ағын 1990-жылдарда қарқынды түрде жүрді, дегенмен бұл тенденция әлі де жалғасын табуда. Орыс/слаян ұлтының өкілдері өз еркімен көшуде және 2006 жылы Ресей басшылығы енгізген қандастарды тарихи отанға қайтару бойынша арнайы бағдарламаның аясында көшуде. Мысалы, Ресей Федерациясының жаңадан азаматтық қабылдағандардың арасында үлесі ең үлкен топ – бұрынғы қазақстандықтар.

 

  • Маңызды фактордың бірі ретінде орыстардың/славяндардың ел ішіндегі демографиялық жағдайын айтсақ болады. Елдегі орыс ұлты өкілдерінің орта жасы – 44 жас, ал қазақтардың арасында бұл көрсеткіш екі есе аз – 23 жас. Бұл өте үлкен демографиялық айырмашылық: яғни, 10-20 жылдан кейін Қазақстандағы орыс/славяндардың негізгі бөлігі зейнетақы жасына жетеді деген сөз.

 

  • Тағы да негізгі тенденция ретінде қазақтар арасындағы жаппай урбанизация жүріп жатқанын айтуға болады. 1970-жылдардан бері қалаларда тұратын қазақтардың саны 1-ден 5 миллионға ұлғайды. Нәтижесінде, қазақтардың жартысы қазіргі кезде қалаларда тұрады деп айтуға болады.

 

  • Тіл факторы. Қазақ тіліне қатысты билік тарапынан ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі 2000-жылдардың басында аса сәтті болған жоқ. Дегенмен, қазіргі “қазақылану” өздігінен болып жатқан процесс: мемлекеттік тілде сөйлейтін және қазақтілді контентті тұтынатын жаңа ұрпақ пайда болуда, көпшілігі қазақтілді боп есептелетін өңірлердегі халықтың урбандалуы. Қазақ жастары, айта кетерлік бір жайт, солтүстік көршіміздің ықпалынан өздерін алшақ ұстауға тырысады.

 

  • Қазақтілді ақпарат кеңістігі кеңейіп, орыстілді ақпарат сегменті кішіреюде.

 

Жоғарыда аталған тенденциялардың орын алуы мемлекеттік элита тарапынан қандай реакция тудырады деген заңды сұрақ туындайды. Оған қоса, осы факторлардың “азаматтық ұлт” ресми дискурсына, яғни титулды ұлт пен өзге этностық топтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған саясатқа қаншалықты әсер ететіні де басқа сұрақ. Осы сұрақтарға жауап беру үшін ұлттық саясатқа қатысы бар бағдарламалар мен бастамаларға қысқаша талдау жасау маңызды. Бұл талдау саяси элитаның өзгеріп жатқан демографиялық және тілдік ахуалға қаншалықты реакция жасап жатқанын көрсететін болады. Талдауға 2011-2018 жж. аралығында шыққан сегіз құжат енді (5-құжаттан басқа). Аталмыш мәтіндерді талдауда қажетті сараптамалық құрал боп саналатын сыни дискурс әдісінің рөлін атап өткен жөн.

 

 

  1. ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Аталған бағдарламада қазақ тілі мемлекеттік/ұлттық бірлігінің жалғыз факторы ретінде қарастырылады. Мемлекеттік тілде білім беру, әкімшілік және БАҚ салаларында жан-жақты насихаттау мен тарату бойынша нақты міндеттермен ерекшеленді. Орыс тілінің ресми статусына қарамастан, негізгі басымдық қазақ тіліне берілген. Тағы да көзге түсетін фактілердің бірі – бірқатар мақсаттар мен міндеттерді орындауға арнайы дедлайндар қойылған. Мысалы, 2020-жылға қарай халықтың 95 проценті қазақ тілінде жетік деңгейде меңгеруі керек. Құжатта орыс тілі мен басқа тілдер туралы айтылғанымен де, олардың жиілігі қазақ тілінің жиілігіндей емес. Құжаттың тағы бір ерекшелігі – ағылшын тілінің білім беру саласына кеңінен енгізуінде.

 

  1. “Мәдени мұра” бағдарламасы және ҚР Мәдени даму концепциясы – еліміз ұстанған мәдени плюрализм саясаты мен “балқыту қазаны” моделіне қарама-қайшы келетін бағдарламалар. Аталған құжаттарда қазақстандық ұлттың мәдени коды қазақтың ұлттық мәдениеті арқылы қарастырылған. Оған қоса, тарихи орындар мен музейлерді сақтауға, мәдени бағдарламаларды насихаттауға және басқа да қазақ мәдениетін жетілдіруге бағытталған шаралардың қажеттілігі қарастырылған.

 

  1. “Мәңгілік Ел” патриоттық акті – Президенттің “Қазақстан – 2050” стратегиясы аясында жариялаған жобасы. Аталған құжат өзінің мемлекеттік идеология ретінде рөлін жоғалтқанымен, саяси элитаның азаматтықтан гөрі этностық ұлттық саясатты жүргізуге ниетінің көбірек екенін көрсетеді. Елдегі азаматтық ұлттың және “Бір ел. Бір тағдыр” принципінің маңыздылығы жайлы айта отырып, бағдарламаның авторлары қазақтың тарихына, символдарына және мәдениетіне жиі сілтеме жасайды.

 

  1. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” – қазіргі идеологияның рөлін атқарып жатқан мақала форматындағы құжат. Атауы советтік сарында берілгенімен, мақаланың мазмұны, ондағы міндеттер этноұлттық сипатта жасалынған. Сананы өзгерту және қазақстандықтардың мәдениетін жетілдіру тек қана қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, рәсімдері, тарихын зерделеу, тілі және мерекелері арқылы жүзеге асатын жоба түрінде берілген. Айта кететін бір жайт, латынға көшу мотиві аса сақтықпен түсіндірілген, яғни “ұлттық”, “русский вопрос” мәселесін айналып өткен. Жаңа алфавитке көшу “модернизация/экономика” сияқты мотивтер көрсетілген және латын қарпі елдің технологиялық әлеуеті дамуының драйвері ретінде түсіндірілген.

 

  1. ҚР БҒМ «Қазақ жазбасының латын қарпіне көшуі туралы» сараптамалық анықтамасы (2007) – мемлекеттік ресми құжаттардың ішінде отарлық саясатқа қарсы және антисоветтік, ұлтшыл риторикамен жазылған жалғыз құжат. Сараптамалық анықтама 2007 жылы латынға көшу идеясы көтеріліп жатқан кезде жазылған. Құжатта алфавит реформасы орыс мәдениеті мен тілінен алшақтап, түркі әлеміне жақындау қажеттілігімен түсіндірілген  (“О переходе казахской письменности на латинскую графику. Предварительная аналитическая записка”).

 

  1. “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” – басты қозғалатын мәселе әлеуметтік-экономикалық мазмұнда болғанымен, Президенттің бұл жолдауында тіл мәселесі де қозғалған. Назар аударатын бір тұсы – қазақстандықтардың әлеуетін дамыту (IT біліктілікті, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру және жастарды патриотизмге баулу) білім саласында ағылшын тілінің рөлін арттырумен тікелей байланыстырылған. Орыс тілі жайлы сөз қозғалмаған және қазақ тілінің басым рөлін сақтап қалатындығы жайлы айтылған.

 

  1. “Серпін” – жасырын месседжі бар ұлттық жоба. Бағдарламаны іске асырудағы алғышарт ретінде елдегі еңбек нарығын дамыту қажеттілігі және жұмыссыздыққа қатысты мәселелерді шешу алға қойылған. Дегенмен, бағдарламаны тек “экономиалық” себептермен жасалынған айту қиын. Бұлай деуіміз, елдің этностық картасындағы осы бағдарлама аясында жастарды “экспорттаушы” және “импорттаушы” өңірлерді алып көз жеткізуге болады. Мемлекет қазақыланған облыстардан (Қызылорда – 96%, Маңғыстау – 90.26%, Атырау – 92.12%) жастарды халқының басым бөлігі славян топтары құрайтын және қазақтар азшылық боп табылатын өңірлерге (орыс/славяндар: CҚО – 49.76%, Қостанай – 41.58%)  көшіруде.

 

  1. “Ұлы даланың жеті қыры” – ұлтты қалыптастыру жағынан маңызды компоненттері бар бертінде шыққан мақала. Қазақ халқының ұлттық бірегейлігін тарих тұрғысынан нығайту және оны өзге ұлт өкілдері арасында кеңінен таратуға бағытталған жобалары бар. Рухани жаңғыру бағдарламасындағы “Туған жер”, “Қазақстанның қасиетті географиясы” мен “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы “Архив – 2025”, “Ұлы даланың ұлы есімдері”, “Түркі әлемінің генезисі”, “Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы” және басқа да тарихи жобалар арасында тығыз идеологиялық байланыс бар.

Қорытындай келе, жоғарыдағы жобалар саяси элитаның елдегі өзгеріске ұшырап жатқан демографиялық және тілдік ахуалға қалыпты реакциясы деп айтуға болады.

 

Қатерлер

 

Қазақ бірегейлігіне шамадан тыс акцент қою, қазақтардың этномәдени символдарынан үздіксіз ұлықтау және өзге де ұлт өкілдерінің әлеуметтік-мәдени қажеттіліктеріне мән бермеу алдағы уақытта қазақтардың арасында ұлтшыл риториканы күшейте бермек. Ең алдымен, қазақ ұлтшылдығының күшеюі барлық қоғам салаларының “қазақылануы” жағдайында тәрбиеленген және жаңа ұрпақтың факторымен байланысты. Бұл жағдайда жаңа/жас ұрпақ ұлтаралық достықты сақтауға бағытталған ұрандар “қазақы” тақырыптан басым болуына жол бермейді деп айтуға болады. Осылайша, қазақ ұлтшылдығының күшеюі өзінің шырқау шегіне жетіп, бұл факторды тиісті дәрежеде ескермеу ел тұрақтылығына нұқсан келтіруі әбден мүмкін.

 

Түйін

 

Сараптама көрсеткендей, ұлттық саясат елдегі этностық ортада болып жатқан өзгерістермен ілесіп жүргізілуде. Жоғарыдан жүргізіліп жатқан саясат қазақстандық ұлттың біртұтастығын сақтау, азаматтық бірегейлікті нығайту деген сияқты ұрандар арқылы жүзеге асуда. Дегенмен, осы саясаттың астарында титулдық ұлттың бірегейлігін кеңінен насихаттау да жүріп жатыр.

Қарқынды жүріп жатқан деруссификация (орыс мәдениетін әлсірету) және қазақтандыру, ең бірінші кезекте, елдегі өзгерген әлеуметтік-демографиялық траекториясының нәтижесі. Орыс/советтік бірегейлігі бұрынғыдай ықпалын жоғалтып, алдағы уақытта саяси маңыздылығы болмайды. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі қазақ халқының үлесі 70%-ті құрайды. Бұл дегеніміз, қалған 30% өзге ұлт өкілдерінің мәдени қажеттіліктері де есепке алынуы керек.

 

Ұлтаралық тұрақтылықтың сақталуы үшін және әлеуметтік қақтығыстарды болдырмас үшін келесідей шараларды орындау ұсынылады:

 

  • Қоғамдық-саяси бағыттағы БАҚ контентін реттеп отыру қажеттілігі бар. Қазақстандағы масс-медиа қазақтілді және орыстілді болып екі лагерьге бөлінетіндіктен бұндай шараның маңыздылығы туындайды. Ұлттық мәселелерді қозғау барысында БАҚ өкілдері тек этиканың аясында қызмет етуі керек. Екі БАҚ та теңдік принципін ұстанып, қазақтардың және басқа ұлт өкілдерінің ақпараттық қажеттіліктерін ескеруі қажет.

 

  • Мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдеріне “контекстке” немесе аудиторияға қарай байланысты өзгеретін Президенттің риторикасын үлгі ретінде алу керек. Бұл екі аудиторияның арасында тепе-теңдікті сақтауға сепші болады.

 

  • Қазақстан халқы ассамблеясы тек жыл сайынғы съезбен шектелмей, өңірлердегі орталықтардың жұмысын белсенді түрде жүргізіп тұруы маңызды.

 

 

 

Исатай МИНУАРОВ, социолог

 

сурет: aikyn.kz. wikipedia.com

        

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала