Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Дүниедегі дара дауыс

Дүниедегі дара дауыс

Дүниедегі дара дауыс иесі, əлемді дүр сілкіндірген Димаш Астана күні арнайы концерт береді. Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан»  телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өтетін Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке шығармашылық концертіне байланысты брифинг өтті.

Шараға «Қазақстан»  РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин, Димаш Құдайберген және Қанат Айтбаев қатысты.

«Біз әрқашан өз тарапымыздан талантты жастарымызды қолдауға дайынбыз. Оның үстіне өздеріңіз білетіндей, биыл Жастар жылы деп жарияланған болатын. Димаш еліміздің, халқымыздың біртуар азаматы, қазақтың өнері арқылы еліміздің атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты тұлға. Бұның алдында Димаш Ұлттық арнадағы -«20.19 Басты арнадағы Жаңа жыл» атты жаңа жылдық шоуымызға қатысқан болатын. Бүгінгі айтылып жатқан жоба бойынша біз Димашпен бірнеше рет кездесіп, бірге талқылап, ақылдасқан болатынбыз. «Қазақстан» корпорациясы осы концерттің бүкіл ұйымдастыру, түсірілім жұмыстарын қолға  алып, қолдау көрсетеді деп шештік. «Арнау» атты шығармашылық концертін Димаш Астана күніне арнамақ. Ауқымды музыкалық шоу  қазақстандықтар мен мыңдаған  шетелдік өнерсүйер қауымды Астана төрінде жинайтын болады»,- деді Ерлан Карин.

Концерт төрт-бес бөлімнен тұрады деп жоспарлануда. Бағдарламада қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларымен қатар заманауи әрлеумен орындалған Димаштың авторлық туындылары ұсынылатын болады. Сондай-ақ, концертте қазақ, ағылшын, француз, ханзу, орыс, итальян тілдерінде әндер шырқалады.

Димаш Құдайбергеннің айтуынша: «Алдағы концертімді біріншіден еліме, халқыма арнағым келеді. Бұл менің Астана күні мерекесіне  арнайы тартуым болмақ. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысып, колдау көрсетіп жатқан «Қазақстан» корпорациясына алғысымды білдіргім келеді, жеке концертімді жасауды бұрыннан бері ойлаған болатынмын, енді сәті туып отыр. Толық ақпаратпен кейінірек концерт жақындаған кезде бөлісетін боламыз.»

Айта кетейік,  Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты концерті Жастар жылы аясында Астана күніне орай жоспарланып отыр.

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала